Медициналық жедел жәрдем көліктерін тапсыру

Бүгін (13.01.2026) Шығыс Қазақстан облысының облыс орталығы мен аудандарындағы жедел медициналық жәрдем бригадаларына 36 жаңа жедел жәрдем автокөлігінің кілттері табысталды. Бұл – өңір үшін маңызды жаңарту. Соңғы рет жедел жәрдем автопаркі 2020 жылы ауқымды түрде жаңартылған болатын. Жаңа автокөліктер заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және қалада да, шалғай елді мекендерде де қызмет көрсетуге дайын. Жедел медициналық жәрдем – уақытқа тәуелді қызмет. Көліктің сенімділігі мен техникалық дайындығы адам өмірін сақтауда шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл мәселе өңір үшін аса өзекті. Күн сайын диспетчерлер мыңға дейін шақыртуды қабылдайды, жыл сайын бригадалар 250 мыңнан астам шақыртуға қызмет көрсетеді. Бұл – дәрігерлердің, фельдшерлер мен жүргізушілердің тәулік бойғы еңбегінің нәтижесі. Медицина қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау және оларды қажетті техникамен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жедел жәрдем автопаркін жаңарту өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады.