ШҚО-да ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БРИГАДАСЫ 88 ЖАСТАҒЫ НАУҚАСТЫҢ ӨМІРІН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ
Алтай қаласының тұрғындары жедел медициналық жәрдем қызметінің қызметкерлеріне егде жастағы әйелдің өмірін сақтап қалған жедел әрі кәсіби әрекеттері үшін алғыс білдірді.
ШҚО жедел жәрдем станциясының мәліметінше, оқиға өткен аптада болған. 88 жастағы әйел тамақ ішіп отырған кезде кенеттен тұншыға бастап, есінен танып, тыныс алуы тоқтаған. Туыстары дереу жедел жәрдем шақырған.
Отбасының айтуынша, диспетчер Ирина Чирова қоңырауды қабылдап қана қоймай, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін байланыста болып, жанындағылардың әрекетін нақты үйлестіріп отырған. Оның нұсқауларының арқасында туыстары бөгде заттың бір бөлігін алып шығуға мүмкіндік алған.
Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем бригадасы фельдшерлер Сафар Әділбеков пен Жанна Кудерина және жүргізуші Максим Бикеев шұғыл түрде көмек көрсетуді жалғастырып, тағамның қалған бөлігін алып тастаған. Жүргізілген шаралардан кейін науқас есін жиып, жағдайы жақсарған.
«Жақынымыздың өмірін сақтап қалған жедел жәрдем қызметкерлеріне шын жүректен алғыс айтамыз. Сіздердің кәсіби әрі нақты әрекеттеріңіз біз үшін үлкен көмек болды. Сіздердің жанқиярлықтарыңыз бен қамқорлықтарыңыз үшін шексіз ризамыз», — деп Еркібаевтар отбасы медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Жедел жәрдем қызметінде атап өткендей, мұндай шұғыл жағдайларда дер кезінде жүгіну және медицина қызметкерлері келгенге дейін дұрыс әрекет ету шешуші рөл атқарады.
