Жедел жәрдем бригадалары өзара сайысқа түсті – ШҚО
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бригадалары арасында дәстүрлі жыл сайынғы жарыс өтті. Кәсіби шеберлік байқауы өңірдің үздік көшпелі бригадаларын біріктірді. Олар күн сайын ең шұғыл жағдайларда тұрғындарға алғашқылардың бірі болып көмек көрсетіп келеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Жарысқа қатысушыларды қызмет басшылығы, медицина саласының сарапшылары мен Семей медицина университеті оқытушылары құттықтады. Сайысқа Алтай және Шемонаиха қосалқы станцияларының, сондай-ақ қалалық «Д», «Т», «К», «L» ауысымдары мен «Ритм» командасының өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында ШҚО жедел медициналық жәрдем станциясының бас дәрігері Ержан Мейірбаев мұндай жарыстардың қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттырудағы маңызын атап өтті.
Спартакиада аясында қатысушылар практикалық және теориялық сынақтардан өтіп, шұғыл медициналық көмек көрсету дағдыларын, командалық жұмысты және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.
Жарысқа қатысқан Шемонаиха қаласы қосалқы станциясының фельдшері Жалғас Ғабдуллин мұндай кездесулердің қызметкерлер үшін маңызы зор екенін айтты.
Алтай қаласы қосалқы станциясының көшпелі бригада фельдшері Оксана Абдикаримова да шараның жылы атмосферасын ерекше атап өтті.
Байқауға денсаулық сақтау саласының мамандары, дәрігер-сарапшылар және облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасы төрелік етті.
Спартакиада қорытындысы бойынша бас жүлдені қалалық «Ритм» командасы жеңіп алды. Екінші орынды Шемонаиха қаласының «Шығыс шебі» командасы иеленсе, үшінші орын қалалық «L ауысымына» бұйырды. Төртінші орын – «Т ауысымы», бесінші орын – «К ауысымы», алтыншы орын – Алтай қаласының командасы, жетінші орын – «Д ауысымына» берілді.
Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сыйлықтар, алғыс дипломдары және естелік марапаттар табысталды. Сонымен қатар облыстық спартакиаданың жеңімпазы атанған «Ритм» командасы тамыз айында Тараз қаласында өтетін жедел медициналық жәрдем бригадалары арасындағы республикалық спартакиадада Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын болады.
